1.2 Қазақстанның энергетикалық қорлары
Қазақстанда энергетика ресурстарының ірі қорлары бар және бұл қорлар мемлекеттің ішкі тұтынысымен қатар басқа елдерге тасымалдауға жетеді. Энергияның қайнар көздері шикізат түрінде де, дайын электр энергиясы түрінде де шет елдерге шығарылады. Дүние жүзілік статистика мәліметтеріне сәйкес, өндірілетін мұнай көлемін кісі басына шаққанда Қазақстан бірінші орын алады. Құрлық бетінің 1,8%-ын құрайтын республикамыз әлемдік минералды отын қорларының 0,5%-на, немесе 30 млрд. шартты отын тонасына ие. Оның 80%-ын көмір, 13%-ын мұнай және газ конденсаты, ал 7%-ын қосалқы және табиғи газ құрайды [2].
Жалпы жылу энергетика кешенінің дамуы мемлекеттің шикізат қорларымен тікелей байланысты. Энергия өндіруде көмір үлесі 80%-ды құраса, тұрғын үй секторында ол 40-50 %-ды құрайды. Қазақстанда тұтынған 91 млн.т. көмірдің 11 млн. тоннасы Ресей мен Орта Азия елдеріне тасымалданады. Энергетика мен коммуналды-тұрғын үй секторында 76 млн. т. көмір жұмсалса, өндіріске 15 млн. тонна жұмсалады.
1990 ж. республикада өндірілген 26,6 млн.т. мұнай мен газ конденсатымен қоса Павлодар мен Шымкент мұнай өңдеу зауыттарының толық жұмысын қамтамасыз ету үшін 12,6 млн.т. қосымша мұнай шетелден енгізілді. Жылда экспортталатын шикі мұнайдың көлемі – 20 млн. тоннаны құрайды.
Қазіргі кезде Қазақстанда 7,9 млрд.м3 табиғи газ өндіріледі және оның тек 2,9 млрд.м3-ы бірден өңделеді, 0,65 млрд.м3 – нан астам қосалқы газ оттықтарда жанады. Қалған газ Ресейге экспортталады. Мемлекетке қажетті барлық газ (16 млрд.м3–қа жуық) басқа елдерден (Ресей мен Өзбекстан) импортталатын 12,8 млрд.м3 газбен толықтырылады. Республиканың отын құрамында газ 15 % құрайды [3].
Қатты отын ресурстары мен оларды тұтыну мүмкіндіктері.
Қазақстанда әлемнің көмір қорларының 3,3% бар. Көмір өндіруден Қазақстан әлемде сегізінші, ал ТМД елдерінде Ресей мен Украинадан кейін үшінші орынға ие. Қазақстанда 100-ден астам көмір кендері бар, олардағы көмір қоры 176,7 млрд.т құрайды, бірақ зерттеліп игерілген 40 кен орындарындағы көмір қоры 34,1 млрд.т құрайды.
Солтүстік және Орталық Қазақстанда орналасқан аса ірі көмір кеніштеріне Қарағанды кені (9,3 млрд.т), Торғай (5,8 млрд.т), мен Екібастұз (12,5 млрд.т) құрайды.
Қазақстанның барлық көмірін екі түрге бөлуге болады: тас көмір мен қоңыр көмір.
Тас көмірдің күлсіз массасының жану жылуы өте жоғары болады: 24000 кДж/кг-нан (5700 ккал/кг) астам, ұшқын заттарының шығуы 9%-дан астам болады. Қоңыр көмірдің күлсіз массасының жану жылуы 24000 кДж/кг-нан төмен, ол 30-40%-ды құрайды.
Барлық қордың негізгі бөлігін 24,3 млрд.т тас көмір болса, олардың 6,1 млрд.т (25%) – кокстеуге келетін көмір. ТМД елдерінің жалпы құрамының 20%-ын және кокстелетін көмірдің 16%-ын Қазақстан қамтамасыз етеді. Кокстелетін көмір тек Қарағанды кенінде өндіріледі, ол осы бассейннің 55% көмірін құрайды.
Қоңыр көмір көбіне Солтүстік Қазақстанда, Торғай және Майкөбе кендерінде өндіріледі. Республикамызда ашық түрде жылына 400 млн.т көмір өндіруге болады деп есептеледі. Бұл қорлар Қазақстанға 200-ден астам жылға жете алады. Көмірді ашықтай өндіру жер астынан өндіруден 3-5 есе арзанға түседі.
Көмір өндіру технологиясын дамыту және өндіру бағасын, тасымалдау құнын төмендету арқылы тұрғындар үшін энергия ресурстарының бағасын төмендетеді, әрі экономикаға пайдалы әсерін тигізеді.